Қаңтар айында өтетін ҰБТ басталды
15 қаңтар 2024 ж.
Қаңтар айында өтетін ҰБТ басталды, ол 10 ақпанға дейін жалғасады. 136 мың адам ҰБТ-ға қатысуға өтініш берді. Олардың 76,3%-ы қазақ тілінде, 23,6%-ы орыс тілінде, 126 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді.
Атап өтсек, талапкерлер өтініш беру барысында олар тестілеу күнін, уақытын және орнын өздері таңдады. Соңғы бірнеше жылда алғаш рет талапкерлер ең көп таңдайтын бейіндік пәндер комбинациясы өзгерді. Талапкерлердің 18%-ы «Биология-Химия», 17%-ы «Математика-Физика», 12%-ы «Математика-Информатика» пәндерін таңдады.
ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұратын болады.