Қазақстанда ҰБТ-ның орнына жаңа емтихан әзірленуде
6 сәуір 2026 ж.
Қазақстанда шетелде танылатын және ҰБТ-ға балама болатын жаңа ұлттық тест әзірленіп жатыр. Жобаның құны шамамен 3 миллион доллар. Бұл туралы үкіметтегі брифингте ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды Tengri Education.
Оның сөзінше, жаңа емтихан SAT* сияқты халықаралық тесттерге ұқсас, бірақ талапкерлер үшін тегін болады.
Тестті әзірлеумен білімді тестілеу саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі — Educational Testing Service халықаралық компаниясы айналысып жатыр. Жаңа формат ҰБТ-дан өзгеше болады. Ол талапкерлердің тек білімін емес, ойлау қабілетін, жеке қасиеттерін бағалайды.
Сонымен қатар министр ҰБТ білім беру жүйесінде маңызды рөл атқарғанына тоқталды.
«ҰБТ өзінің тарихи рөлін атқарды, тестілеу үдерісті жүйелеп, көп жағдайда жемқорлықты жойды. 90-жылдары жоғары оқу орындары студенттерді өздері қабылдайтын, онда үлкен олқылық болды», - деді ол.
Жаңа емтихан кезең-кезеңімен енгізіледі. ҰБТ-дан бірден толық бас тарту жоспарда жоқ. Емтиханның пилоттық іске қосылуы 2026 жылға жоспарланған, ал 2027 жылдан бастап тест ҰБТ-мен қатар өткізіледі. Саясат Нұрбектің айтуынша, жаңа тест сертификаты қазақстандық қана емес, шетелдік университеттерге де түсуге мүмкіндік береді. Бұл ретте емтихандардағы қолданыстағы бақылау жүйесі сақталады.
Еске салайық, биыл ҰБТ форматы өзгеріссіз қалады: тест бұрынғыдай 120 тапсырмадан тұрады, ең жоғары балл — 140, тапсыру уақыты — 4 сағат.
*SAT (Scholastic Assessment Test) — бұл негізінен АҚШ-та колледждер мен университеттерге түсу үшін қолданылатын стандартталған емтихан. SAT негізгі академиялық дағдыларды бағалайды: математика (алгебра, деректерді талдау, аздап геометрия), сондай-ақ оқу және жазу (мәтінді түсіну, грамматика, логика).