Жоғары білім: жыл қорытындысы
10 қаңтар 2024 ж.
- Азаматтарға жоғары білімді қолжетімді етудің қосымша тетігі ретінде «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін әзірлеу басталды.
Жүйе аясында балаға арнайы шот ашылып, оған мемлекет 60 АЕК (5 жастағы балаларға) мөлшерінде бастапқы білім беру капиталын салады. Онда ата-аналардың ерікті жарналары, 5%-7% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы және инвестициялық табыс қаражаты жиналатын болады. Айына 1 АЕК мөлшерінде ең төменгі жарна салынатын болса, бала 18 жасқа толғанша 3,3 млн теңгеден астам қаражат жиналады. Ата-аналардың ерікті жарналары, мысалы, айына 3 АЕК-ке дейін жетсе, 7 млн теңгеден астам қаражат жинау мүмкін болады.
Сонымен қатар жүйе аясында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау шаралары көзделген. Грантқа түскен жағдайда талапкер жиналған қаражатты тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады.
- 2023 жылы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 88 мыңнан астам грант бөлінді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 23%-ға артық. Бұл көрсеткіш 2019 жылдан бастап тұрақты түрде өсіп келеді, ол кезде мемлекеттік тапсырыс көлемі 51 мың грант болған.
- 1 қыркүйектен бастап студенттердің шәкіртақысы 20%-ға өсіп, 41 898 теңгеге (педагогикалық ғылымдар – 67 200 теңгеге) жетті, магистранттар мен докторанттар шәкіртақылары 15%-ға өсіп, тиісінше 97 024 және 217 500 теңгеге көтерілді.
- Биыл 5,9 мың орынға арналған 25 студенттер жатақханасы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 5 мың орындық тағы 19 жатақхана ашу жоспарланып отыр. Жалпы барлық көздер есебінен 2028 жылға дейін 55,5 мың орын пайдалануға берілетін болады.
- Халықаралық академиялық рейтингтерге қатысуды кеңейту есебінен қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық білім беру кеңістігінде танылу деңгейі артты. Мәселен, QS WUR 2023 рейтингіне 21 қазақстандық ЖОО кірді, көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда екі есеге өсіп отыр. Сондай-ақ Times Higher Education рейтингінде ҚР жоғары оқу орындарының белсенділігі артып келеді.
- Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жұмыстары жалғасуда:
- Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында Хериот-Уотт университетінің (Шотландия) филиалы құрылды;
- Шәкәрім университетінің базасында Быдгощ қаласындағы Экономика университетінің (Польша) филиалы ашылды;
- І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті мен Марке политехникалық университеті (Италия) арасында филиал құру туралы келісімге қол қойылды;
- Yessenov University базасында Қазақ-неміс тұрақты инженерия институты (неміс ЖОО консорциумы) құрылды;
- Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті базасында Гонконг қаласындағы университеттің филиалы ашылды;
- Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университеті (SEOULTECH) ашылды;
- Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Тяньцзинь кәсіби университеті (ҚХР) базасында Лу Бань шеберханасы ашылды;
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің (ҚХР) филиалын ашу туралы келісімге қол қойылды.